Мигранттарға есік ашық.
Ресей халық санын шетелдіктерді шақыру арқылы көбейтпек пе?

Кристина Фолтынова 23 маусым, 2020

161,170. Биыл қаңтар мен наурыз арасында осынша шетелдік Ресей төлқұжатын алған. Бұл 2019 жылдың қаңтар-наурызында Ресей азаматтығын алғандардың санынан екі есе көп. 2019 жылы сәуірде Ресей президенті Владимир Путин екі азаматтық заңына қол қойған. Мәскеу бұл заңнан соң елге 10 миллион адам келеді деп күтеді. Неге? Ресей демографиялық дағдарысын шешуді осылай қолға алған сынды.

1991 жылы Совет одағы құлаған соң Ресей халқының саны азайып кетті. Кейін 2009 жылы елде адам саны қайта өсе бастаған еді. Бірақ 2018 жылы Ресейде халық саны қайта төмендей бастады. Болашаққа жасалған болжам да көңіл көншітпейді.

Ресей халқы неге азайып барады?

2018 жылы Ресейде туу деңгейі 1,57 болған. Бұл көрсеткіш Еуропаның кейбір елдері, мәселен, Германия және Норвегиямен шамалас. Дегенмен Қазақстаннан әлдеқайда төмен (2,81). 2018 жылы Ресей әлемдегі туу деңгейі ең төмен 40 елдің қатарына енді. Ресейдің «халықтың ұдайы өсіп-өнуі көрсеткіші» (ұрпақ алмасуды қамтамасыз ететін туу, өлім және табиғи өсім процестерінің жиынтығы) де азайып кетті – 2,1. Бұл – елдегі бір әйелдің қанша баланы өмірге әкелетінін көрсетеді.

Туу деңгейі
(бір әйелге шаққанда дүниеге келген баланың орташа саны, 2018 жылғы дерек)

Ресейдің барлық аймағында жағдай қиын деп айтқанға келмес. 2019 жылы басқа ұлт өкілдері басым аймақтарда, мәселен, Тыва мен Шешенстанда туу деңгейі жоғары болды.

Аймақтар бойынша туу деңгейі
(2019)

Ресейде өлім-жітім деңгейі де жоғары. ЦРУ-дың 2020 жылғы дерегіне сай, Ресей адам өлімі бойынша әлемде 7-орында. The Lancet орталығының 2014 жылғы зерттеуі Ресейде ер адамдардың 55 жасқа толмай өлу ықтималдығы 25 пайыз екенін көрсетті. 2018 жылы Ресейдегі әр бір төртінші марқұм 60 жасқа жете алмаған. Өлімнің көптігіне нашар медицина, сапасыз тамақ, жаттығудың аздығы, суицид және арақ пен темекі (әсіресе ерлер арасында) себеп.

Өлім-жітім деңгейі
(1000 адамға шаққанда)

Ресей демографиясындағы тағы бір маңызды фактор – елдің ішкі және сыртқы миграциясы. 2018 жылы 90 мың ресейлік Еуропа одағы елдері мен Ұлыбританиядан азаматтық я тұрақты тұруға рұқсат алған. Ресейден кеткісі келетін 18-24 жас аралығындағы адамдардың саны 2009 жылы 29 пайыз болса, бұл көрсеткіш 2019 жылы 53 пайызға жеткен.

Шетелге көшкісі келетін ресейлік жастар
(пайызбен)

Ресей бұл мәселені қалай шешуге тырысып жатыр?

Ресей бірнеше жыл бойы туу деңгейін көтеріп, өлім-жітімді азайтуға тырысып жатыр. Билік отбасыларға арналған арнайы бағдарламалар, темекіге қарсы кампаниялар жасады. Арақ сатып алуға рұқсат беретін жас мөлшерін өсіру де қарастырылды. Бірақ дәл қазір Ресей билігі үшін шетелден мигранттар шақыру ғана демографиялық мәселенің шешімі болып тұр. 2019 жылғы дерекке сай, Ресейге 11 миллионнан астам шетелдік мигрант келген. Қазір бұл ел шетелдік мигранттар көрсеткіші бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр.

Ресейдегі халық санының өзгеруі
(миллион)

Бірақ бұл тенденция 2018 жылғы миграция көрсеткішін жақсарта алған жоқ және Ресей халқы кейінгі он жылда алғаш рет азайып кетті. 2019 жылы да Ресей халқының саны азая түсті. Халық санының кемуі Ресей билігін азаматтық алуды жеңілдетуге себеп те болу мүмкін.

2019 жылы Ресей азаматтығын алғандардың 60 пайызы – украиналық. Биыл сәуір мен шілдеде Путин Украинаның Донецк пен Луганск (Мәскеу қолдап отырған сепаратистердің бақылауында) аймағында тұрып жатқандарға Ресей азаматтығын жеңіл жолмен алу туралы шешім шығарған. 2020 жылы сәуірде Путин шетелдіктерге Ресей төлқұжатын екінші азаматтық ретінде алуға мүмкіндік беретін заңға қол қойды. Бұған сай, Мәскеу елге 10 миллионнан астам мигрант тартуды жоспарлайды.

Ресей азаматтығын алғандар қай елден?
(2019 жылғы дерек)

Пессимистік болжам бойынша, алдағы 15 жылда Ресей халқы 12 миллионға азаюы мүмкін. Оптимистік болжамға сай, елде 2035 жылға таман өлім-жітім туу деңгейінен жоғары болуы мүмкін. Демек, Ресей халық санын өсіру үшін мигранттардың келуіне тәуелді болмақ.